Бала кезімізде таудың артына жиналған құмға барып домалап ойнайтын едік. Ал, мынау әйгілі Айғай құм. Бұл әнші құм туралы не көп аңыз көп. Соның бірі осында Шыңғыс хан мен оның сарбаздары жерленген. Хан өзінің ерліктерін ұрпақтарына жеткізу үшін дыбыс шығарады-мыс. Айғай құм дегенде шынымен айғайлайды деп ойлағам. Сөйтсе, құмнан сырғанағанда гуілдеген дыбыс шығады екен. Күнгейі мен теріскейі екі түрлі дыбыс шығарады. 8 шақырымға дейін созылып жатқан ерекше құмға келушілердің қарасы да көп. Кәрістер, немістер жүр.Сосын Жаркенттен біреу жүр. "Алтынемел" мемлекеттік ұлттық паркінде біздің заманымызға дейінгі V-IV ғасырларда өмір сүрген сақтардың қорымы бар. Бес шатыр деп аталатын қорымдардың ең үлкені диаметрі 105 метр болса, биіктігі 17 метрге дейін жетеді. Қорымдарда бір-бірімен жалғасқан жер асты жолдары бар. Ерекше салт үлгісімен жерленген орындардан алтын бұйымды әшекей, жебе, басқа да құнды көне заттар табылған. Бір оба қазылып, реконструкция жасалған. Обаның ішіне түсісеңіз бөренелерден тұрғызылған екі бөлмелі мазар бар. Дәліз және жерленген бөлме. Сол жерде басқа мазарлармен жалғасатын жер асты жолдары көрініп тұр.Жұмбақ әрі тарихы тереңде жатқан Бес шатыр қорғаны құпиясын ішіне бөгіп бөктерде жатыр. Ал, Панфилов ауданы жанартаудың үстінде екенін енді білдім. Мына отырған жер тас емес. Жанартаудың қатқан лавасы. Алтынемел ұлттық паркінің Панфилов ауданы бөлігінде Қату тау, Ақтау деген керемет, ерекше таулар бар. Мынау Қату тау деген жері. Атқылаған лавалар сол күйі қатып қалған. Сонша миллион уақыт өтесе де пішінін әлі күнге дейін сақталған. Қуыс иірімдері мен ойықтары бұзылмай ерекше көз тартады. Маңғыстау өңіріндегідей өзгеше таулар Алматы облысында да бар. Мыңдаған жылдар бұрын суретке түскен болсам пираттармен бірге теңіздің үстінде тұрар едім. Суы құрғаған жерлерде арна қалушы еді. Ал, мына жерде пішіндері өзгеше, үлкен таулар қалған. Мұнда теңіз жануарларының сүйектері көптеп кездеседі деседі. Таудың үстіне шықсаң бейне бір басқа жерде жүргендей күй кешесің. Әйтеу Жаркентте емес.)) Ақтау деп аталатын осы өңірде елу млн жыл бұрын алып қолтырауын, тасбақа, мүйізтұмсықтар өмір сүрген. Табылған қаңқа сүйектің бірі Алтынемел штабының шағын мұражайында тұр.Сонымен, Алтынемел мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі керемет жерлерді бәріңіз көре аласыз. Айғайқұм, Бес шатыр қорғаны, Ақтау, Қату тау басқа да тарихи жерлерді жеңіл көлікпен-ақ асықпай аралауға болады.Жалпы туризм саласындағы гидтер ең негізгі қазақ тілін меңгерген болса екен дейсің.