понедельник, 23 октября 2017 г.

Құдайы қонақ





















Жаңа ғана кешегі күздікке арнап сойылған күрең қойдың еттін жеп, сорпасын енді іше бергенде сырттағы Саққұлақ шебелеп қоя берді. Артынша аттың пысқырған дыбысы естіліп еді әкем ағама: - - Сыртқа шықшы,- дегенше ағам жүгіре басып шығып кетті. 
- Бұ кім болды екен, түнделетіп жүрген? - деді анам, мүжілген сүйектерді жинап жатып.
- Ассалаумағаликум.
Сырттан еңгезердей қара шапан киген жуан дауысты біреу сылти басып кіріп келді. Әлсіз шамның жарығы есік жаққа толық жетпей қара көлеңкеленіп келген қонақтың бет әлпеті көрінбеді.
Қамшысын төрге тастай, тымағын шешіп жатып:
- Немене, адам көрмегендей таңырқап,- деп күңк етті.
Әкем тымағын шешкесін таныды-ау деймін:
- Уағалейкумассалам,- деп ұшып түрегелді. 
- Немене, қонақпен төрге шыққасын амандасасың ба?- деп қағытып өтті. Мен де енді таныдым. Әкемнің Абай деген бажасы екен. Басына қонған шыбын таятын тоқыр бас, түсі суықтау, екі беті нартай қызыл, ірі денелі, қолы босай қалғанда мұртын шиырып отыратын. Сөзі зіл, қағытып, түйреп, арасында мысқылдай сөйлейтін кісі еді. 
Әкем екеуі қалжыңдасып сөйлесетінді.
- Немене, етті жеп, сорпаны ішіп тастадыңдар ма деді?- амандық саулық сұрасқан соң. 
- Әкел бері сорпаңнан бой жылытып жіберейік деді,- анама. Өзі әр сөзінің алдына әнтек "немене" дегенді қыстыра кететін әйтеу. 
- Ат ізін салмағалы көп болып еді. Қарақшыдай түнделетіп қайдан жүрсің?- деді әкем төсектің астынан темекісін алып орап жатып.
- Сенің атың ізі көрінбегесін өзім із қалдырайын деп келдім, - деп миығынан күліп қойды. 
- Қалай? Бала- шағалар аман ба? Күлсіннің денсаулығы қалай?- деді анам алыстағы сіңілісінің жайын білмек болып.
- Немене, мен оларға күн көрсетпей жүр дейсіз бе?- деп қарқ етіп бір күлді. 
Әлгіндегі сорпадан екі шыны ішіп алып кеуде түймесін ағытқасын ағама:
- Бар, атты арқанда,- деп бұйыра сөйледі. Әкем екеуі біраз жөн сұрасып, шай ішкесін әкем асығыс тұрып кетті. 
Менің екі көзім қонақта. Бір қолын беліне қойып, мұртын шиырып үндемей отыра қалды. Көзі жұмылып кетіпті. Кенет көз алдыма бұйыра сөйлейтін, қатыгез Жоңғардың ханы елестеп кетті. Әкем мен шешем қазан жақта бірдеме деп күңкілдесіп жатты. Мен пештің басында жылынып отырып, төрдегі қонаққа қарап қалыппын. "Өзі қызық" кісі деймін ішімнен. Шынымды айтсам қорқамын. Ана бір жылы анаммен бірге жазда еріп қыдырып барғанда "Құлағыңды кесемін" деп қорқытқан. Бірақ әңгімесі ұнайтын еді. Білмейтіні жоқ. Әсіресе шайтан, жын тақырыбын майын тамызып айтатын. Төсекте шымылдықтың аржағында әңгімесін қорқып тыңдап жататынмын. 
Әкем мүйіз сапты сары пышағын алып шықты да:
- Мә, текке отырмай мынаны қайрай отыр,- деп алдына қайрақ пен бірге тастай салды. Әкем мүйіз сапты сары пышағын тек мал сойып, ет турағанда ғана керектенетінді. Демек, қонаққа қой соямыз.
- Немене, құлағын кесеміз бе? деп маған қарап жымиды. Қой соятынын білсем де қорқып кеттім. Атты арқандап келген ағамды ертіп әкем сыртқа шығып кетті. Анам екеуі әңгімелесіп тағы да шай ішіп отыр. Қанша қисық сөйлесе де көбінде анаммен дұрыс әңгімелесетін. Көптен көріспегендерін, жердің шалғайлығын айтып, ел- жұрттың амандық саулықтарын сұрасты. Сырттан тасырлатып әкеммен ағам ақ сарбасты сүйреп кіріп келді. 
- Немене, ана керегедегі еттеріңді маған аяп отырсың ба? Әуре болма,- деді.
Әкем қолын жайып:
- Ол етті саған қимаймын. Мынау сыбағаңғой. Көптен келмеп едің. Құдайы қонақсыңғой, әумин,- деп қолын жайды. Мен де қолымды жайып қонаққа қарадым.
- Қарайгөр, құдайшылын,- деді де қолын жайып:
- А, құдайым оңдасын
  Қыдыр ата қолдасын,- деп қатты бастады да соңын күбірлеп "Әумин" деді.
- Немене, түн ішінде әуіре болып,- деп шақшасынан атып жіберді. 
- Жас ет тез пысадығой,- деді анам.
Әкем маған "Бері кел шам ұсташы" деді де қойды союға кірісті.
- Бағанадан бері жөніңді айтпадың, түнделетіп қайдан келе жатырсың?- деді әкем.
Жылтыр басын бір сипады да:
- Биыл қыс қатты болады дейді. Әлгі азын аулақ жылқыны күйеу балаға қосайын деп айдап келгемін. Жылқыға шамам жетпейтін тәрізді. Әмбе діземде болмай жүр,- деп оң тізесін ұрып қойды. Жазда аттан жығылып ауртып алып едім,- деп тыжырынды.
- Аттан жығылатын, көкпар тартып желіктің бе?- деді әкем 
- Немене, мені бос борбай деппең, тілеуің құрғыр ат сүрініп екеуіміз де омақастыққай, әкеңді,- деп боқтанды да шапанын желбегей жамыла сыртқа аяғын сылти басып шығып кетті.
Лезде қой да сойылып, ет те асылды. Қиыдың қызуы үй ішін лезде жылытып әкетті. Пештің қасындағы бағанағы орыныма келдім де мажаурап отырып қалдым.
- Ұйқың келсе жатағой,- деді анам. 
Ақырынғана сыртқа шықтым. Айдың көмескі жарығы жерге әлсіз түсіп тұрса да жердің бедері болар болмыс көрініп тұр. Күздің суығы бүріп әкетті. Анандай жерде қап- қара аюдай қорбаңдап қонақ дәрет алып отыр екен. Жақындауға қорықтым. Қораға қарай бұрыла шаптырттым да зып етіп үйге кіріп кеттім. Суық көрпенің ішіне кірдім де көзімді жұмдым. Көз алдымнан "Құлағын кесеміз бе?" деп әкемнің сары пышағын жалаңдата қайрап, тісін ақсита күлген қонақ кетпей қойды. Жаңа ғана хандай елестеген ол енді ертегідегі жезтырнақ тәрізді көрініп кетті. Қозғалсам бас салатындай дымымды шығармай бүрісіп қалдым. Үйдегілердің сөйлескен дыбыстары да естілмейді. Иен далада бір өзім қалғандаймын. Ауылдың апалары кішкене балаларды "Жылмаспай келе жатыр" деп қорқытатын еді. Мен Жылмаспайдың түрін көрмесем де қорқатын едім. Енді сол "Жылмаспайдың түрі осылай шығар ә?" деп ойлап қоям. "Қой, онда танитын кісіғой, туысымыз " деп ішімнен күлемін. Жылмаспайды білетініме мәз болып, бойым кеңіп, қорқынышым сейіле түсті. Мұрыныма жас еттің иісі келді. Үйдің іші жылынып, бойым мажаурай тәтті ұйқының құшағына кеттім. Сыртта сиырдың пысылдағаны мен, жылқының кісінегені естіледі...
#РуханиЖаңғыру